Су тасқыны: Несие төлемдері 3 айға автоматты түрде шегеріледі

Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несие және лизинг міндеттемелерін кейінге шегеру бойынша қолдау көрсетеді.

Төлем кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды. Ақтөбе облысындағы ахуалмен танысқан Үкімет басшысы республикалық штаб отырысында осылай деді. Тасқыннан зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Жан-жақты қолдау көрсетіледі. Азаматтардың несие төлемдері 3 айға автоматты түрде шегеріледі.

Үкімет басшысы өңірдегі табиғи апатқа байланысты жағдайды тексеріп, Президент тапсырмаларының жергілікті жерде қалай орындалып жатқанын көрді. Алдымен су басқан аймақтарды әуеден бақылады. Кейін апаттан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесті. Олжас Бектенов оларды мемлекет баспанасыз далада қалдырмайтынын айтты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Арнайы келіп отырмын мында. Президенттің тапсырмасы бар, қаражат бар, бюджеттен тыс та көздері бар. Сондықтан уайымдамаңыздар! Комиссия құрылып, бәрін есептейміз.

Аймақтағы жағдай әлі де күрделі. Қазірдің өзінде 772 тұрғын үй су астында қалып отыр. Тасқын қаупі де әлі сейілген жоқ.

Бибінұр Шағдирова, тұрғын:

- Бұрын соңды мұндай су тасқыны болған жоқ. Осы биыл көріп тұрмыз. Осы жерде 20 жылдам асып тұрып тұрмыз ғой. Мұндай болған жоқ.

Кенжегүл Әбдіғалиева, тұрғын:

- Көп болды, су қатты келді. Құтақарушыларға көп-көп рахмет.

Мұнан соң Премьер-министр су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Онда апат салдарынан шаруашылық қызметі бұзылған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің өтініштеріне сәйкес, несие төлемдерін кейінге қалдыру, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін салық есептілігін тапсыру және оны төлеуді кейінге қалдыруды ұсынылды. Олжас Бектенов Үкіметтің фермерлер мен мал иелеріне несие мен лизинг міндеттемелерін кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететінін айтты. «Төлем кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды. Әкімдік ұсынған тізімге сәйкес, зардап шеккендер азаматтардың несие төлемдері 3 айға автоматты түрде шегеріледі», деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- 33 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерге көшірілді. Бірақ өкінішке орай төрт мал шығыны бар. Қазір есептелуде бәрі. Тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлермен кездесіп шығынды өтеу мәселесін талқылап жатыр. Үкімет тарапынан несиелер мен лизингтік төлемдерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсетіледі. Банктермен, басқа ұйымдармен тиісті келісім бар. Ал төлем кешіксе, ешқандай айыппұл салынбайды.

Су тасқыны басталғалы аймақтардан 19 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір солтүстік, шығыс және орталық өңірлердің 65 пайыздан астамы әлі күнге дейін қар астында. Үкімет басшысы жауаптыларға қауіпті аймақта қалған ауыл тұрғындарын эвакуациялауды жеделдетуді тапсырды.

Авторы: Альмира Оразбай