Жылыойдағы 70 науқас Маңғыстау облысына көшірілді. LIVE

Жылыой ауданының орталық ауруханасындағы науқастар Маңғыстау облысына тасымалданды.

Төтенше жағдайға байланысты емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық ауруханада жатқан 70 науқас Бейнеу аудандық орталық ауруханасына көшірілді. Толығырақ әріптесім Асланбек Шығыр тікелей эфирде тарқатады.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Науқастарды тасымалдау үшін 14 жедел жәрдем реанимациялық автокөлігі және 50 адамдық екі икарус жолаушылар көлігі жұмылдырылды. Науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауаптылар осындай шешім қабылдаған. Жалпы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде 2, хирургия бөлімінде 12, терапия бөлімінде 10 науқас жөнелтілді. Бұған қоса балалар және босану бөліміндегі науқастар да көрші ауданға тасымалданды. Жағдайы ауыр науқастар реаниматологпен, анестезиологпен және толық жабдықталған ИВЛ аппаратымен Бейнеу ауданына жеткізілді. Сонымен қатар науқастармен бірге емдеуші дәрігерлер ілесіп барды. Олар дәрі-дәрмектің барлық түрімен қамтылды. Қызметкерлер Бейнеу аудандық ауруханасына бара отырып, емдеу-сауықтыру жұмыстарына көмектеседі. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, түнде науқастар ғана емес, Құлсары қаласының тұрғындары жақын маңдағы елді мекендер мен көрші Бейнеу ауданына көшті. Жалпы тұрғындарды эвакуациялау үшін түнде 80 автобус дайындалған еді. Жергілікті әкімдік 60 автобус пен ТШО әкімдігі 20 автобуспен қамтамасыз еткен.