Шардара ауданында 63 шаруа қожалығы түйе ұстап отыр

Түркістан облысы Шардара ауданындағы Достық ауылында 63 шаруа қожалығы түйе ұстап, қымыран баптап, еліміздің түкпір-түкпіріне шұбат жөнелтіп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ауыл тұрғындары ата кәсіпке адалдық танытып, Ойсылқара ұрпағын көбейтуге күш салған. Шаруалар шұбатты қайда өткізеді? Мемлекеттен қолдау бар ма? Түйе шаруашылығын дамытуда қандай қиындықтар бар?

Шардара ауданының табиғаты түйе бағуға өте қолайлы. Оның үстіне шөл және шөлейтті жерде апталап су ішпей жүре беретін түйеге Қызылқұм өңірінің ащы, сортаңды шөбі – түйе түлігі үшін таптырмас азық. Сондықтан шұбаты қою әрі дәмді келеді. Мұндағы түйе саны 3 мыңнан асады. Бір ғана Достық ауылында 63 қожалық түйе ұстап, қымыран баптайды. Солардың бірі – Жаңабаевтар әулеті. Олар соңғы 20 жылдан бері ата кәсіпке адалдық танытып, Ойсылқара ұрпағын көбейтуге бел буған.

Әліпбай Жаңабаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Біздікі – ата кәсіп. Шұбатын өндіреміз. Шұбаты өте дәмді. Түйе деген ащы шөпті жақсы көреді. Екі жылда бір тудырамыз сүтіне байланысты. Қазір 20-25 бас түйеміз бар. Әрі қарай мемлекетімізден 2,5% деп жатыр. Содан қолдау көрсетсе, жеңілдік берсе, әрі қарай дамытсақ па деп жатырмыз.

«Ежелден көшпелі халықтың негізгі көлігі болған түйе жануарының адамға пайдасы көп», – дейді әулеттің берекесі боп отырған Алтын әже. Бүгінде жасы 80-ге таяған кейуана Түркіменстанда түйешілер отбасында дүниеге келіпті. 8 жасынан анасының қасында жүріп, түйе сауып, бота ұстаған ол елге қоныс аударғаннан соң да Ойсылқара өсірумен айналысқан. Бүгінде ұл-қыздары ата кәсіпті жалғастырып, табысын молайтып отыр. «Бұл әулеттің шұбатына сұраныс өте жоғары», – дейді ауыл тұрғындары. Алтын әже қымыран баптаудың қыр-сырымен бөлісті.

Алтын Ізтұрғанқызы, Достық ауылының тұрғыны:

- Тез-тез жуып, тазалап, құйып тұрсаң, айраны ашығанда сүтіңді құйып, сапырып қойып, екі сағаттан кейін келіп, күзеңді тағы сапырып тұрсаң, ірімей әдемі қымыран болады. Таңертеңгі айранға сүт құйып кетіп, кешке қарай келіп қарасаң, іріп-іріп тұрады. Сапырып, әдемілеп отырсаң, тәтті айран болады.

Өткен ғасырдың 80 жылдары мұндағы әр шаруашылықта мың басқа дейін түйе болыпты. Соның арқасында малшылардың шаруасы дөңгелеп, толағай табысқа кенелген. «Шетелде түйенің түбіті сұранысқа ие. Одан тігілген киімдер мен көрпешелер қымбат бағаға сатылады. Ал қазіргі таңда біздің елімізде оның жүні далада шашылып, етіне де сұраныс жоқ. Тек шұбатын ғана жұрт көп тұтынып жатыр», – дейді шаруа. 

Әліпбай Жаңабаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Ата-бабамыз Түрікменстаннан өткізген бір өркешті Аруана деген түйе. Осы түйені өндіреміз, қолға тез үйренеді. Саууға тез үйренеді. Шұбат мәселесіне келсек, қазір дамыған заман телефон арқылы тапсырыс қабылдап, сол арқылы жібереміз. Көбінде сұраныста Ақтау, Шымкент, Алматы – үш жер. Қазіргі таңда 800 теңгеден бағаланып жатыр бір литрі. Күніне 30-40 литр жобасында жинаймыз. Тез дайындалады.

Биыл Достық ауылдық округі аудан басшылығының ұсынысымен 4 ауыл округтің бірі ретінде таңдалып, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысатын болды. Мұндағы негізгі бағыт – түйе шаруашылығын дамыту. Енді Әліпбай сияқты түйешілерге 2,5%-пен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. 

Ерлан Ақжігітов, Достық ауылдық округінің әкімі:

- Қазір 32 шаруа қожалықтан ұсыныс түсті. Оның ішінде жеке кәсібін ашу, ауылдық кооператив аштық. Қазіргі таңда жер мен құжаттары дайын. Халықтың ынтасы жақсы. Халыққа өте тиімді болып тұр. Құжат жағынан қиындық жоқ, адамдарға түсіндіріп жатырмыз.

Түйе ұстау аса қиын емес. Алайда Ойсылқара түлігі аяқты келеді. Бір жайылғанда 100-150 шақырымды артқа тастайды. Бірақ Достық ауылында ондай мүмкіндік жоқ. Жайылым аз. Жергілікті әкімдіктегілер өрісті жерді кеңейту үшін Қызылқұм алабынан 5 мың гектар жайылымды жалға алуды жоспарлап отыр. Шаруалардың ендігі арманы, облыста түйе жүні мен терісін қайта өңдейтін зауыт салынса дейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.