Бейнеу ауданына Құлсарыдан 14 мың адам эвакуацияланды

Маңғыстаудың Бейнеу ауданына кешелі бері Құлсары қаласынан 14 мыңнан аса адам эвакуацияланды.

Оның жеті мыңға жуығы Боранқұл ауылына, қалғандары Бейнеу, Есет және Сарға елді мекендеріне жайғастырылды. Жалпы, өңірде екі жүзден астам эвакуациялық пункт құрылды. Олар шамамен 83 мың адамға есептелген.

Бейнеу ауданының Боранқұл ауылы Атырау облысымен шектеседі. Үйлерін тасқын су басқан Жылыой ауданы тұрғындары кешегі тәуліктен бері осында жетіп, туыстарының үйін паналап жатыр. Екі мыңға жуық ересек адам пен 500-дей бала осы ауылдағы және Бейнеу, Сарға, Есет елді мекенінде уақытша орналастыру пунктеріне бөлінді. Олар жатын орын, ыстық тағаммен қамтылған. Тағы 300-ден аса адам Ақтауға жіберілді.

Рахымжан Шалбаев, Бейнеу ауданының әкімі:

- Кешелі бері 14 мың 19 адам Бейнеу ауданының территориясына келді. Оның 6700-і Боранқұл елді мекеніне келді, қалғаны Бейнеу ауданында. Келген жылыойлықтардың көңіл-күйі өте тамаша, ризашылығы жоғары. Балалармен отырғандарға бөлек бөлме ұйымдастырып, науқас үлкен кісілерге жатақханадан орын бердік. Біз қолдан келер барлық жұмысты жасаймыз. Біз жылыойлықтарды далаға тастамаймыз.

Бүгінгі таңда Құлсары емханасынан Бейнеу аудандық ауруханасына 35 науқас жеткізілді. Дәрігерлер оларға қажетті емдік шараны көрсетіп жатыр. Ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Сондай-ақ дәрігерлер эвакуациялық орындарға барып, медициналық көмекке мұқтаж азаматтар бар-жоғын қарап жүр.

Асухан Мархабаева, Бейнеу аудандық ауруханасы директорының орынбасары:

- Эвакуацияланған адамдар әр мектепте шоғырлануына байланысты медбикелер мен дәрігерлермен қаралып, ол жерде жағдай реттеліп өзіміздің қабылдау бөліміне келіп, емдерін алуда. Әлі де анықталып жатқан науқастар бар. Барлығы медициналық қызметкерлермен қаралып жатыр.

Мұрат Тұрғалиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Ауылымызға су келуіне байланысты түнде біздерді осы Бейнеуге әкеліп, жағдайымызды жасап көмектесіп жатыр. Бейнеудің халқына, Маңғыстаудың халқына ризашылығымызды білдіреміз. Жағдайымыз жақсы қазір, емдеп жатыр. Бұрын алған қандай системаларымыз бар, соның бәрін алып жатырмыз. Біз емханада жатқан адамдар едік, мында әкеліп больницаға салды.

Айта кетсек, бүгін Ақтау қаласынан Бейнеуге бір топ дәрігер аттанды. Аймақта ақпараттық қолдау көрсету үшін "Жедел желі" байланыс телефондары жұмыс істеп тұр. Жауапты мамандар тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев