Семей орманындағы өртенген ағаштарды зиянкестер бүлдіріп жатыр

«Семей орманы» табиғи резерватында өртенген қарағайларды санап, кесу жұмысын жеделдету қажет. Орманшылар осылай деп дабыл қағып отыр.

Күйік шалған ағаштарға зиянкестер түсе бастаған. Олар маңайындағы сау ағаштарды да бүлдіруі мүмкін,  – деп алаңдайды мамандар.

Орманшылардың бұлай алаңдайтын жөні де бар. Өйткені күйген ағаштарға жылға жетпей құрт-құмырсқа түсіп, бүлдіре бастаған.

Альфия Мұртазина, «Семей орманы» табиғи резерватының орман патологы:

- Зиянкестердің кесіліп, дайындалған ағашта да пайда болғанын көріп тұрмыз. Дернәсілдердің ізі байқалады. Олар бұл жерден шығып, маңайындағы сау ағашты бүлдіруі мүмкін. 

Азамат Қасым, тілші:

- Мен тұрған Талица орманшылығында былтыр 11 мың гектар орман өртенген. Орманшылардың алдында осынша аумақты қалпына келтіру міндеті тұр. Алайда олар үлгере алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.

Өйткені адам да, техника да аз. Қазір мұнда 3 бригада жұмыс істеп жатыр. Олар наурыз айынан бері 900 текше метр ағаш дайындаған.

Мейірғазы Біләлов, Талица ауылының тұрғыны:

- Қазіргі жұмыстар, бес адамбыз. Күйген ағаштарды кесіп, тазалап, өлшеп, қиып, дайындап жатырмыз. Мынаны білесіздер, қандай жерде, экологиялық таза емес. Күйе. Күні бойы. Еңбекақыны көтерсе. Кісі де көбейеді. Жұмысшы керек, техника керек. Сайман керек.

Соған қарамастан қаңтар айынан бері 2800 текше метр ағаш дайындалған. Ал былтыр отқа оранған 63 мың гектар орманның 4500 гектары есепке алынған.

Дәулет Байболатов, «Семей орманы» табиғи резерваты Талица орманшылығының басшысы:

- Біз 1500 текше метр ағашты белгілеп, санап қойдық. Енді соны кесіп, дайындап, сатылымға шығарамыз.  

Қазір өртенген ағаштарды кесу резерваттағы 3 филиалда қатар жүргізіліп жатыр. 12 өндірістік бригада құрылған. Ағаш дайындауға 24 техника мен 50 адам жұмылдырылған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.