Еріктілер тынымсыз жұмыс істеп жатыр

Құлсарыдан эвакуацияланған 15 отбасы Ақтаудағы колледж жатақханасына орналастырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Олар екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жатақханаға орналасуға еріктілер көмектесіп жатыр. Арнайы штабтан 120-ға жуық студент жіберілді. Облыс орталығында 130 орындық тағы бір жатақхана адам қабылдауға дайын. Кешелі бері Атырау өңіріндегі су басқан елді мекендерден 14 мыңнан аса адам Маңғыстауға эвакуацияланды.

Гүлжан Жеңсекбаева, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Үйден шығарда тек баламды ғана алып шықтым. Менде басқаша ешқандай вариант болған жоқ. Су тасқыны есігіме кіріп келді. Көлікке жолдасым, 5 баламмен мінген бойда осы Маңғыстау облысына қарай жол тарттым. Жақсы жандар алдымыздан шығып, барлығы жарылқап, ешқандай қиындық туғызбастан осы жатақханаға әкеліп, орналастырып жатыр. Қиын-қыстау кезеңде жан-жақтан демеу көрсетіп жатқан жандарға алғысым шексіз.

Мұқаш Оралбай, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

- Маңғыстау облысында Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларына көмек көрсету үшін арнайы волонтерлік штаб құрылды. Бүгінгі күні Бейнеу ауданы бойынша Бейнеудегі 90 волонтер жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде 40-ы Құлсары қаласында болып қайтты. Сол жерде жасанды бөгет жасау жұмыстарына атсалысты. Дегенмен су тасқыны күшеюіне байланысты қайтадан Бейнеуге келді. Сол жерде эвакуациялық пункттерді әзірлеу жұмыстарына атсалысып жатыр.