Ойыл ауданымен қатынас қалқымалы көпір арқылы болады

Ақтөбе облысының Ойыл ауданымен байланыс қалқымалы көпір арқылы болады, деп хабарлайды 24KZ.

Әскери жылжымалы понтон өткелі бұған дейін тек оқу-жаттығу жиындарында қолданылған. Бұл көпір 60 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады. Осы арқылы халыққа гуманитарлық көмек жеткізіліп, ауылмен қарым-қатынас қамтамасыз етіледі. Ойыл ауданының орталығын өзен тасығанда қарғын су басып, көпірдің екі тіреуі сыр берген еді.

Серік Төленбергенов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

- Тез уақытта осындай шешім шығарып, 50 сағатта осында жетті. Бір ай ма, екі ай ма – қанша керек болады, осында жұмыс істеп тұрады. Көп адам тұрады. Аудандық орталық, содан біз осындай шешім шығардық. Кішкентай ауылдар бар. Бірақ оларға қайықпен, тікұшақпен жеткізіп тұрамыз.