Жайық өзенінің деңгейі 7 метрден асты. LIVE

Орал қаласының тұсында Жайық өзені соңғы тәулікте 9 сантиметрге көтеріліп, бүгін таңертең 703 сантиметрге жетті.

Саяжайларды су басу қаупі туып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Сондай-ақ 200-дей арнайы техника Жайық өзенінің жағалауындағы бөгеттерді биіктетіп жатыр.

Жайық өзенінің қауіпті деңгейі 850 сантиметр саналады. Осы межеден дария соңғы рет осыдан 30 жыл бұрын 1994 жылы асыпты. Ол кезде су деңгейі 853 сантиметр болған екен. Биылғы тасқын одан еш кем болмайды, – деп болжайды мамандар. Дәл қазір қала басшылығы тасқын судан қорғану мақсатында Жайықтың жағасындағы бөгеттерді биіктетіп жатыр. Бұл мақсатқа 20 шақты құрылыс компаниясының 200-дей арнайы техникасы, жүк көліктері, экскаватор, бульдозерлер тартылған. Ұлттық ұланның сарбаздары мен еріктілер жұмылдырылған. Одан бұрын топографиялық зерттеулер жасап, дамбалардың деңгейін өлшедік, 6 осал тұсты анықтадық, – дейді мамандар.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Курени бағыты, Жайық өзенінің жақындап тиіп өтетін жері, одан кейін Зашаған кентіндегі Коминтерн бағыты. Сосын Зашағандағы Анискин көлі бар. Сол Анискин көлі мен Жайық өзенінің түйісетін жерінде дамбалар осал жері бар. Болжам өте қауіпті. Біз өз тарапымыздан қаладағы бар  бөгеттерді, дамбаларды күшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық бөгет, дамбалардың деңгейлері нормада, 850-ден жоғары. Бірақ ең жоғары меже 9 метрге жетіңкіремейді. Сол себепті өз тарапымыздан нығыздау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық бөгеттерді 10 метр-10 метрден жоғары қылып тастағымыз келіп тұр.

Жайық өзені қауіпті межеден асып түсер уақыты шамамен сәуірдің 15-20 аралығы, – деп болжам жасайды Қазсушар мекемесінің мамандары. Бүгінгі мәліметтер бойынша Ирикла су қоймасынан Жайыққа түсіп жатқан судың мөлшері өзгеріссіз, секундына 1670 текше метр күйінде қалып отыр. Мол су келгенше 6 шақырымдай дамбаларды көтеріп, нығыздауымыз керек, – дейді шаһар басшылығы.