Бейнеудегі атыраулықтарға 22 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Бейнеуге эвакуацияланған атыраулықтарға 22 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек пен күнделікті тұтынатын заттар бар. Гуманитарлық көмек «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және республикалық «Біз біргеміз» қоғамдық қорының қолдауымен жиналды. Қазір еріктілер заттарды сұрыптап, 37 эвакуациялық пунктке жеткізіп жатыр.  Ақтаудан тағы бір жүк көлігі келе жатыр. Оған жергілікті меценат жиған азық-түлік пен гигиеналық заттар тиелген.

Айта кетсек, маңғыстаулықтар Бейнеудегі уақытша орналасу орындарына 300 кереует пен жылы киімдерді жеткізіп берді.

Аңсаған Малбағаров, волонтер:

- Оқушылар, мектеп парламенттері және аудандық мектеп парламенттері, еріктілер үлкен белсенділік танытып, қаржылай, барлық жағынан қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Эвакуацияланған азаматтарға, отбасыларға көмек әлі күнге дейін беріліп жатыр.