«Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық науқаны басталды

«Алматы – біздің ортақ үйіміз». Осындай тақырыппен Алматыда экологиялық науқан басталды.

Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатыр. Жұмыстар бір айға жалғасады. Осы кезде саябақтар, гүлзарлар мен көпқабатты тұрын үйлер ауласы ретке келтіріледі. Жарық бағаналары мен орындықтарды жөндеп, қайта сырлайлы. Ағаш түбін әктейді.

Экологиялық акция 4 кезеңге бөлінген. Алғашқысы «Біздің қала – біздің көшелер» деп аталады. Бұл аптада жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері, аялдамалар, бағдаршамдар, жарық бағаналары ретке келтіріледі.  Дезинфекция және дезинсекция жүргізіледі. Кәріз құбырының қақпақтары түгенделіп, қоқыс жәшіктері жаңаланады. Алматы – жасыл қала. Сондықтан мұндағы ағаштардың жағдайы да үнемі назарда.

Арман Мизамбеков, Бостандық аудандық көріктендіру бөлімінің башысы:

- Қазір, міне, Гагарин даңғылында санитарлық қыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қосымша саябақтар мен парктерде тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Орындықтар мен қоқыс жәшіктерін «краскілеп» жатырмыз. Сонымен қатар газондарды «краскілеп» жатырмыз. Ағымды жылы 6 мың ағашқа санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіледі.

«Біздің қала – біздің аула, біздің үй» апталығында 20 мыңнан астам ағаш пен бұта көшеті отырғызылады. Ағаш отырғызам дегендерге көшет, ал жеке үйлердің қоршауын сырлағысы келетіндерге бояу беріледі. Осы кезеңде  табиғатты сақтауға арналған түрлі шығармашылық әрі экологиялық іс-шаралар өтеді. Оның қатарында дәмханалар мен мейрамханалардан тамақ қалдықтарын жинау, мерзімі өткен дәрі-дәрмекті өткізу сияқты жобалар бар. Мұның барлығы қоршаған ортаны сақтауға бағытталған. 

Ертай  Құрманғалиев, Әуезов аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы:

- Бұл акция бір айға жалғасады. Оған коммуналдық қызметтің жұмысшылары ғана емес, қала тұрғындары да, кәсіпкерлерде қолынан келгенше атсалыса алады. Осында тұрып жатқан әрбір адам – қаланың бір бөлшегі. Егер бәріміз шаһардың тазалығына, көгалдандыруға үлес қоссақ, Алматымыз бұдан да көркейе түседі.

Өзен, көлдер де қоқыстан тазартылады. Науқанның соңғы «Біздің қала – біздің мақтаныш» кезеңі ескерткіштер мен мәдениет нысандарына арналады. Ал 20 сәуір күні жалпықалалық сенбілік жоспарланған. Қазіргі уақытта шаһарда 400-ге жуық арнай техника, 800-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.