Көпшілік «Алматы-Ташкент» тасжолындағы кептелістен көз ашпады

«Алматы-Ташкент» тасжолының 19-шы шақырымындағы көлік кептелісі сейілер емес, деп хабарлайды 24KZ.

Сондықтан жүргізушілер кептелістке 1-2 сағаттап тұруға мәжбүр. Жолды кеңейтіп, кері бұрылатын қосымша көпір салмайынша мәселе шешілмейді, – дейді мамандар. Бұл жұмыс биыл бастала ма?

Алмас Садуақас, тілші:

- 19-шы шақырым дегенде көлік жүргізушілерінің жүйкесі сыр бере бастайды. Өйткені дәл осы тұста көлік кептелісі күндіз де, түнде де болады. Қалаға кіріп-шығу оңай емес.

Таңғы уақытта Алматы облысынан қалаға көлік нөпірі ағылады. Сағат 6-дан кейін нағыз кептеліс басталады. Сондықтан жүргізушілер бұл маңнан ертерек өтіп кетуге тырысады. Ал үлгермегендер кептелісте тұруға мәжбүр.  

Кептелістің қалыптасуына бір-ақ себеп бар. Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық аймағынан шығып, Алматыға баратын көліктер Үлкен Алматы айналмалы жолына түсе алмайды. Сондықтан «Алматы-Ташкент» күрежолына шығып, кері айналулары керек. Жол тар болғандықтан, бұрылыс қарсы бағыттағы қозғалысқа кедергі келтіреді. Мәселені реттеу үшін жолды кеңейту керек. Оның жобасын «ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстық филиалы әзірлепті.  

Шыңғысхан Мұратбекұлы, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Жолды кеңейту керек. Нобайы бар. 6 жолақты жол бойында бір жолайрық пен жаяу адамдарға арналған екі көпір салу көзделген. Қарсы бағытқа өтетін тұсы Долан ауылының маңында орналасады. Қазір жол құрылысына қажетті жер телімдерінің кімге тиесілі екенін анықтау жұмысы басталды. Алдымен соны аяқтап алуымыз керек.

Күн сайын жолдың 20-27 шақырымы аралығымен 70 мың автокөлік жүреді. Кептелісте ұзақ тұру экологияға зиян әрі адамның жүйкесіне де салмақ. «ҚазАвтоЖол» мамандары ұсынған жоба іске асып, құрылыс басталғанша қанша уақыт өтері тағы белгісіз.

Авторлары: А. Садуақас, С. Жұмабаев.