ШҚО-да тасқынның алдын алу жұмыстары пысықталды

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстарға орманшылар да жұмылдырылды, деп хабарлайды 24KZ.

13 өңірлік шаруашылықтың қорықшылары мен жедел жасағы күшейтілген режимдегі кезекшілікке қойылды. Олар өздерінің негізгі міндеттеріне қоса өзен арналарын тазартып, бөгеттерді бақылайды. Қажет болған жағдайда суды сыртқа шығырумен айналысады.

Шығыс Қазақстанда орманды алқаптардың әлі 15%-і қалың қар астында. Сондықтан мобильді топ өкілдері су тасқанының ықтималдығы жоғары жақта кезекшілік ететін болады. Бұл жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, – дейді мамандар. Ал орманшыларға арнап гидроқұрылыс нысаны жанынан шағын кешендер тұрғызылып жатыр.

Арман Есентаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Жергілікті ардагерлер мен орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, биыл қар жылдағыдан екі есе көп жауды. Сонымен қатар қардың еруі 3 апта ерте басталып отыр. Сондықтан қауіп жоқ деп айта алмаймыз.

Орманшылар су тасу қаупі жоғары аймақтарға жедел жағдайда жету уақытын есептеп жатыр. Сорғыларды аз уақытта әзірлеп, діттеген орынға жеткізу бойынша да оқу-жаттығу жұмыстары пысықталды.

Болатхан Кәрімов, орман шаруашылығының басшысы:

- Ертіс орман шаруашылығының су қоймасындағы су деңгейін күнделікті тексеріп отырамыз. Су деңгейі көтерілген кезде бізде машинада 2 мотопомпа бар. Солармен судың деңгейін түсіріп, сондай жұмыстарды қазіргі таңда өткізіп жатырмыз.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, алдағы 1 аптада өңірдегі өзен-арналар суға толуы мүмкін. Болжам бойынша Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларына құяды. Ондағы судың толымдығы 62% шамасында. Сондықтан жұмысшылардың тактикалық жаттығуы тасқынды алдын алуға бағытталып отыр. 

Мейірлан Иманжанов, «Ертіс бассейндік инспекциясы» РММ қызметкері:

-  Қазіргі таңда Лайлин су қоймасы бойынша ешқандай алаңдаушылық жоқ.  Себебі 2,8 шақырымды қамтитын арнада су ағыны транзиттік режимде өтіп жатыр.

Былтыр тау өзендерінің маңында 27 қауіпті учаске белгіленіп, бөгеттер күшейтілген. Көктемгі қар еру кезінде беріктігі сәтті сыналды. Алайда биыл жауған ақ ұлпа анағұрлым қалың. Сондықтан сала мамандары тасқынға тосқын болатын жұмыстар артық етпейді, – дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.