Оқушылар жинаған көмек Арқалыққа жетті

Су тасқыны басталғалы Арқалық қаласына 50 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

Қамкөңіл ағайынға қолұшын созуға асыққандардың қарасы қалың. Азық-түлік, басқа да керек жарақтар тиелген жүк керуені жан-жақтан келіп жатыр. Ал енді сол жұрттан жиналған жылуды бөліп, тарату жұмысы қалай ұйымдастырылған.

Қазақстан халқының ауызбірлігі осы қиын шақта анық көрініс тауып отыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек-қолдау көрсетіп жатқандар көп. Игі іске балалардың өзі атсалысып жатса, қалай риза болмайсың. Бүгін Астана қаласының №71 мектеп-лицейі оқушыларының бастамасымен жиналған гуманитарлық көмек Арқалыққа жетікізілді.

Азамат Серікбекұлы, Астана қаласының №71 мектеп-лицейінің мұғалімі:

- «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында жаңағы өзіміздің оқушылардың, ата-аналардың жинап берген аманатын әкеп табыстауға келіп тұрған жайымыз бар. Оқушылардың бір ауыз сөзін жерге тастамай жаңағы демеушілік жасаған ата-аналардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірішілікпен, береке-бірлікпен осылай шыққан дүние.

Арқалықтағы мешіт асханасы гуманитарлық көмек қоймасына айналған. Мұнда төсек орын, сусын, басқа да керек-жарақтар жеке-жеке жиналған. Мұндағы азық-түлік қоры кемі бір аптаға жетеді.

Күнделікті келіп түсіп жатқан гуманитарлық көмектің есебін жүргізіп, бөліп, тарату жергілкті еріктілердің міндеті. Әр отбасыға арналған азық-түлік жинағының өз мөлшері бар.

Данияр Қожахметов, еріктілер штабының жетекшісі:

- Құрамы: 5 литр май, 5 кг рошки, 5 кг гречка бар ішінде, дәретхана қағазы, сүт, шәй бар. 5 кг күріш, 5 кг қант, ас тұзы бар. Оған қоса 25 кг ұн және 15 кг картошка, 5-10 кг-дай сәбіз, 5-10 кг-дай жуа беріледі.

Мұнда ешкімді бөліп жармайды. Мысалы Гүлзат Асанова Аманкелді ауданының тұрғыны. Ол да су тасқынынан бар дүние-мүлкінен айырылған жандардың бірі. Қазір бала-шағасымен Арқалықта пәтер жалдап тұрып жатыр. 

Гүлзат Асанова, Аманкелді ауданының тұрғыны:

- Күнде келеміз. Жетпеген жеріміз бар ғой. Қолымыздан қағып жатқан жоқ, беріп жатыр. Қолдарынан келгенше беріп жатыр. Енді төсек орын, азық-түлік керек. Бәрі жетпейді, бала болғаннан кейін.

Арқалық қаласы бойынша су тасқыны кезінде 301 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Соның жартысы туыс-туғандарын паналаса, қалғаны эвакуациялық пункте орналасқан.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы