СҚО-ның Қызылжар және Есіл аудандарында төтенше жағдай жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар және Есіл аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Бүгін Покров ауылында Есіл өзені тасып, 20-дан аса үйді су басты. Тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілді.

Есіл өзенінің Покров ауылының тұсында мұз кесектері кептеліп, тасқын судың деңгейі күрт көтерілген.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ернеуінен шыққан Есіл өзені Покровка ауылының шетін басып қалды. Қазір мына көшенің бойында 20-аса үй судың астында тұр.

Ауыл тұрғыны Қалампыр Дауытованың үйі көз алдында суға кетіп барады. Құтқарушылар оны жолдасымен бірге бір күн бұрын көшіріп, дүние-мүлкін шығарып берген. 

Қалампыр Дауытова, Покров ауылының тұрғыны:

- Су көтеріліп жатыр. Жағалай огород көрінбейді. Қой қорасы көрінбейді. Солай тауықтарым кетті. Түгел кетіп қойды. Енді осы жерден қарап тұрғанда, қорқамыз енді, үй қалай болады. Мінекей, қаншама тұрады бұл су?! Толып тұр суға.

Қазір су басқан көшелерде полициейлер күні-түні кезекшілік етеді. Оқиға орнына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі келіп, тұрғындармен кездес  .

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары: 

- Президент ешкім назарсыз қалмайды деді. Сондықтан зардап шеккен әр адамға көмек беріледі. Шығын көлемі есептеліп, өтемақы төленеді.

Төтенше жағдай көрші Қызылжар ауданында да жарияланды. Қазір Сергеев су қоймасынан төгіліп жатқан су Петропавлға қарай беттеді. Сондықтан қала маңындағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл түрде көшіру туралы шешім қабылданды. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков