Әйел мен бала құқығы

Бүгінге дейін Парламент Сенатына әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі бойынша заңның қабылдануын қолдайтын 5 мыңнан астам өтініш түсті.

Олар жеке азаматтар мен қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарының атынан жазылған. Жоғары палатада талқыланып жатқан құжат мақұлданса, жауапкершілік қатаңдатылады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдайды. Қазір «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп отыра беретін уақыт емес. Бұған дейін Мәжіліс балалар мен әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтетін заң жобасын таныстырып, Сенатқа жіберген. Қазір депутаттар оны талқылап жатыр. Енді отбасында түрлі жанжал шығарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрынғыша айыппұл төлеп немесе 10-15 тәулік қамаумен шектелмейді. Жаңа заң қолданысқа енсе, кінәлілер бас бостандығынан айырылады.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Абьюзер мен агрессорларға қарсы солармен жұмыс істеу барысында оларға арнайы талап қою. Зорлық зомбылыққа шалдыққан азамат пен азаматшаларға агрессорлардың қасына жолауға, телефон немесе басқа құралдармен психологиялық қысым жасауға қазір тыйым салынатын болады. Әрі қарай бірқатар қылмыс кодексіндегі баптарға өзгерістер енгізіліп отыр. Нақты айтсақ денсаулыққа қасақана ауыр зардап шеккені үшін және орта зардап шеккені үшін егер бұрын бостандық шектеулі болса, қазір бас бостандығынан айыратын нормалар кіргізіліп жатыр.

Заң жобасының тағы бір бағыты – бала қауіпсіздігі. Енді педофилдер мен баланың өмірін қиғандарды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балаларды орналастыратын арнайы мекемелерді мемлекеттік орган өкілдері ескертусіз тексеруге мүмкіндік алады.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ең маңызды нәрсе педофилия мен кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойы бас бостандығынан айыратын болады. Ол өте керек нәрсе. Себебі оны бәріміз білеміз тексеру дегенді әрбір мекеме естігенде алдын ала 1 ай бойы дайындалып жөндеп қояды. Сондықтан нақты проблеманы ешкім көре алмайды. Ата-аналар, белсенділер, шетте жүрген азаматтар арқасында көрмесек, былай көбінсе оны айқындай алмайды мемлекеттік органдар. Және де балалардың уақытша немес жабық түрдегі лагерьлер немесе ем алатын мекемелер тек лицензиямен жұмыс істей алатын болды.

Жалпы қоғамда әйелдерді ұру фактілері азаймай тұр. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 15 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Сондықтан қоғам белсенділері жаңа заңның көпке ұзамай қабылданғаны маңызды деп отыр.

Баян Ахатай, ҚХА аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Дәл қазір бізге осы заңды қабылдау керек. Қоғамда сондай сұраныс бар. Себебі болып жатқан тұрмыстық зомбылықтың басым көбі ет жақындарынан болып жатыр. Мысалы әйелдер күйеулерінен зорлық немесе балалар анасының қолынан қаза тапқандарды да естіп жатырмыз. Ал олар заңды өкілдері. Сондықтан осыншама қатаң заң біздің қоғамға керек.

Депутаттар заңды мақұлдаса, құжат Президенттің қол қоюына жіберіледі. Заң әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздік тетіктерін ширатуға ықпалын тигізеді.

Авторлары: Альмира Оразбай Марат Диханбаев