Қызылорда облысында бірнеше инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатыр

Қызылорда облысында құны 30 миллиард теңге болатын бірнеше инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр.

Облыс орталығындағы көлік кептелісін азайту мақсатында қолға алынған ауқымды құрылыс барысымен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев танысты. Өңірде көшелерді көркейтумен қатар жасыл желекті жайқалтуға ерекше мән беріліп отыр. 

Биыл Қызылорда облысында 266 шақырым жол жөнделеді. Ал облыс орталығында 53 көше қайта жаңғыртылады. Оның қатарында қаланы екіге бөліп тұрған теміржолды бойлай өтетін Қожа-Ахмет Яссауи көшесі бар. Ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын даңғыл 4 жолақты болады. Жол бойы толық жарықтандырылып, аялдама мен жаяу жүргінші жолы тиісті талапқа сай салынады.

Жәнібек Сыздықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Көшелерді оңтайландыруға байланысты көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда 30 млрд. қаржы нақтыланып тұр. Қызылорда қаласына 12 млрд. қаржы бөлініп тұр. Оның ішінде Қызылорда қаласында абаттандыру жұмыстарына 4 млрд. теңгенің үстінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қала көшелерін көркейтумен қатар жасыл желекті ұлғайтуға да басымдық берілді. Биыл облыс көлемінде 100 мың түп саялы ағаш көшетін күтімге алу жоспарланған. Бір ғана «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мың түп тал егілді.

Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылдың өзінде біз 28 мың түп ағаш, облыс орталығында, аудандарда, елді мекендерде егу жұмыстары жүргізілді. Оған қажетті көшет, орман шаруашылығы питомниктерінде қазір өсірілуде. Одан бөлек Қызылорда қаласының жанында жасыл белдеу егу жұмыстарын жүргізіп, ол жерде 3 мың гектарға сексеуіл көшеттерін егу жұмыстары жасалып жатыр. 

Өңірдегі орман қорын толықтыру және елді мекендерді көгалдандыру мақсатында аймақтағы 8 тұқымбақта 17 миллион түп ағаш көшеті өсіріліп жатыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев