Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жем-шөп жеткізіле бастады

Арқалық қаласының маңындағы ауылдар қазір жем-шөптен тарығып отыр.

Жайылым суға кетті. Қолда ұстауға азық тапшы. Осындай қиын кезде Арқалыққа көрші аудандар көмектесіп жатыр. Бір аптаның ішінде 75 тонна шөп жеткізіп берді. Қазір халыққа үлестіріліп жатыр.

Родина кентінің тұрғыны Әлима Қожақардың 12 сиыры бар. Қолда бар жем-шөбін қанша үнемдесе де түбі көрініп қалды. Там-тұмдап берген шөбін ашыққан мал таласа тармаса жейді. Бүгін Науырзым ауданынан жеткізілген шөптің бір-екі орамасы Әлимаға бұйырды.

Әлима Қожақар, Родина кентінің тұрғыны:

- Қырық үш рулон шөп алдым. Әйдік рулондары. Сосын жем, отруби дайындап жатырмыз ғой. Бітіп қалды. Қазір шөп сататындар да жоқ. Бара алмай жатыр ғой, жол жоқ. Майдың 5-не дейін тұрады әлі үйде. Көмектесіп жатыр. Екі рулон шөп алып келді, екі қапшық жем алып келді. Қазір үнемдеп, бес-алты күнге жеткізем ғой сол шөпті.

Арқалыққа іргелас аудандардың барлығы жем-шөппен бөлісіп, көмектесіп жатыр. Осы күнге дейін келіп түскен жем-шөп мал ауызы көкке ілінгенше жетеді-дейді жергілікті мамандар.

Руслан Құлетов, Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Атап айтатын болсақ, 75 тонна шөп, одан қалды 204 тонна жем әкелінді. Арқалық қаласының маңында орналасқан кенттерге үлестіріп жатыр. Жалпы қазіргі таңда 124 тонна жем, 47 тонна шөп үлестіп бердік. Енді қалған жем-шөбімізді зардап шеккен Қайыңды, Екідін, Әбдіғапар хан, Жалғызтал ауылдарына жібереміз деген жоспарымыз бар.

Сәуір айындағы санақ бойынша, Арқалық қаласына қарасты шаруашылықтарда, жекенің иелігінде 18 мыңға жуық сиыр, он мыңнан астам жылқы бар. Табиғи апат салдарынан ірілі-ұсақты мыңға жуық мал шығын болды. Қырылған төрт түлік есебі әлі жүргізіліп жатыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы