«Сіздердің қиындықтарыңызды бөлісу – борышым»

Біздің елдегі қиын жағдайды естіген Омарасхаб Ахмедов ат арытып, сонау Дағыстаннан жетті.

Құр қол емес. Жаға бекітуге қажетті құм салатын 50 мың қапшық ала келген. Қазір бұл азамат Атырау облысында елге көмектесіп жатыр.

«Барсы Атырау» баскетбол командасы құрамындағы легионерлер де еріктілермен бірге қолға күрек алып, бөгет бекіту жұмысына кіріскен.

Дағыстандық Омарасхаб Ахмедов Атырау облысының суға кетіп жатқан әлеуметтік желіде көріп, 6 сәуір күні жолға шыққан. Зардап шеккендердің қиын халін сезінген жанашыр жан түні бойы тоқтамастан діттеген жеріне 24 сағаттта жеткенін айтады. Ол өзімен бірге 50 мың қапшық әкелді.

Омарасхаб Ахмедов, Дағыстан азаматы:

- Каспий теңізінің екі бетін мекендеген бауырлас халықпыз. Сіздердің қиындықтарыңызды бөлісуді борышым деп санадым. Негізі, елге жеткесін тағы да қолдан келгенше айналамды ұйымдастырып, көмек жібереміз.

Атыраулық «Барсы Атырау» баскетбол командасының құрамында шетелдіктер бар. Солардың бірі – Майкл Окафор командасымен бірге қиын кезде халықтың жанынан табылды. Олар Алмалы селолық округіндегі еріктілермен бірге топырақ қаптап жүр.

Майкл Окафор, Канада азаматы:

- “Барсы Атырау” баскетбол клубының ойыншысымын. Осы жағдайды естігенде байыз таппай, командамызбен осында келдік. Су тасқыны кезінде үйлерге су кірмес үшін бөгетті биіктетіп жатырмыз.

«Көп түкірсе – көл» деген, атыраулықтарды сын сағатта қолдайтындар саны күн санап артып келеді. Олардың қатарында шетелдіктердің болуы осындай табиғи апаттың адамзатты біріктіретін қайырымды шараға айналғанын айғақтайды. Кеше атырулық штабқа астрахандық қандастарымыз гумантиралық көмек пен қол күшін ұйымдастырып жатқандарын хабарлады.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин «24.KZ», Атырау.