Ұлытауда су тасқынының зардабын жою басталды

Ұлытау облысында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік төлем беріледі.

Одан бөлек дүние-мүлік шығыны арнайы ашылған қор есебінен өтеледі.

Су шайған үйлердің тұрғындары баспанасына оралғанша ерекше назарда болмақ.

Нұрсұлтан Таңатовтың кілем жуатын шағын орталығы қазір екі ауысымдық жұмыс тәртібіне көшкен. Жезді тұрғындарының тасқын кезінде бүлінген кілемдерін тегін жуып жатыр.

Нұрсұлтан Таңатов, кәсіпкер:

- Енді, әрине, осы елдің азаматы болған соң қолымнан келгенше бір көмек тигізе алатындай жігіттік болу керек қой. Себепкер болу керек қой. Шешім қабылдадым да басын бастайын, көмек көрсетейін деп.  Біз бастап едік, біздің артымыздан қаншама фирмалар келіп атсалысып жатыр барын салып.

Тасқынның кесірінен бір-ақ сәтте бар мүлкінен айырылған отбасыларға қайырымды жандар мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр. Облыс тұрғындарынан жиналған гуманитарлық көмектің алғашқы легі осы Жезді кенті мен Жаңаарқа ауданына жіберілді. Бұдан бөлек үйлерін су басқандардың есепшотына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік төлем аударылады. Ал дүние-мүлік шығыны арнайы ашылған қор есебінен өтеледі.

Нұржан Орынбаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Зардап шеккен отбасыларға көмектесу үшін қайырымдылық қорға демеушілердің есебінен де көмек көрсетіледі. Біздің жергілікті жердегі қордан немесе аудан әкімдерінің резервінен бөлінетін қаражат жетпей жатса, шығынды өтеуге «Демеу» қорына сұраныс жасалады.

Жалпы тасқын кезінде облыс аумағында 22 үйді су шайды. Оның 19-ы Ұлытау ауданында, қалғаны Ынталы ауылында. Қазір тұрғындар уақытша баспанада тұрып жатыр.

Ұлан Ермеков, ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізге бағалауда қандай сараптама, қорытынды береді, соған байланысты болады. Егер үйлерді қалпына келтіруге болатын болса, қалыпқа келтіреміз. Ал қалпына келмейді десе, заң аясында үйлерді салып беруге дайынбыз.

Өңірде су тасқыны қаупі толық сейілді. Оның салдарын жою жұмыстары басталды. Су шайған жолдарды қалпына келтіру үшін тиісті сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Сонымен бірге ірілі-ұсақты су тоғандарына техникалық сараптама жүргізу жоспарланған. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов, «24.KZ», Ұлытау облысы.