Үкімет Арқалықта жаңа баспана салуға ₸ 405 млн бөлді

Тасқыннан зардап шеккен Арқалықтағы ел-жұртқа баспана салып беру үшін Үкімет 405 млн теңге бөлді.

Бүгін тиісті қаулы шықты. Қаржы Үкіметтің төтенше резервінен алынып отыр. Енді трансферт Қостанай облысының әкімдігіне жолданады. Қаражат комиссияның шешіміне сәйкес үйлері қалпына келтіруге келмейтін отбасыларға баспана салып беруге жұмсалады.

Айта кетейік, қазір Қостанай облысында қауіп сейілді. Жұмыс тобы мүлкі бүлінген азаматтардан материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді тіркеді. Сонымен бірге Арқалық қаласында және басқа да елді мекендерде су алған үйлерді тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.