Жайық өзенінің арналары тазартылып жатыр

Құлсары қаласында 3 мыңға жуық үй мен азаматтық нысан су астында қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Бастауын Ресейден алатын Жайық өзені көтеріліп, қауіп әлі сейілмей тұр. Өңірді тасқыннан қорғауға 600-ден астам техника мен 3 мыңдай адам жұмылдырылды. Су басқан аймаққа Мәжіліс депутаттары барып, қауіпті учаскелердегі жұмыс барысымен танысты.

Атырау қаласының ортасымен өтетін Жайық өзенінің ағысын азайту үшін су арналары тазартылып, Каспий теңізіне тікелей шығатын каналарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ұзындығы 24 шақырымдық жаңа канал құрылысы жақында аяқталады, қосымша 15 шақырым бөгет тұрғызылып жатыр. Атырауға келген депутаттар Соколок каналының құрылысымен және жаға бекіту жұмысының барысымен танысты.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір тасқынның екінші толқыны бастала ма деген қауіп бар. Өйткені мына Орал, Орынборда 1100 см-ге жетті. Сарапшылардың айтуы бойынша су келетін болса, Атырауға, құдай сақтасын, 35 мың халқы бар ауылдарға қауіп бар. Су осы бастан келуі керек. Баяғыда осы маңайда каналдар болатын, оның бәрі бітеліп қалған.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз судан тек қана қорғанып қоймай, өзінің бағытымен Каспийге жіберуіміз керек. Себебі, өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кезде Каспий тартылып кетті. Судың мөлшері аз, сондықтан экожүйені қайтадан қалпына келтіру үшін бұл судан тек қорғанып қоймай, пайдалы жағына іске асыру керек деп ойлаймын.

Атырау қаласы үшін қауіпті учаскелердің бірі – Бұхар каналы. Бір кезде саяжайлар мен егістікке су жеткізген канал соңғы 10 жылда қараусыз қалған. Қазір қауіпті аумаққа 1,5 шақырымдық бөгет соғылып, жағалаулар құм толтырылған қапшықпен бекітіліп жатыр. Жайық бойында депутаттар жұмыс барысымен барысып, жаға бекітушілермен жүздесті.

Нартай Аралбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жағдай қазір ауыр десек те болады. Қазір бұл жердегі ең басты мәселе – Жайық көтерілетін болса, үйлерді аман сақтап қалу. Бірінші – адам өмірі, жасыратыны жоқ. Үлкен апатты жағдай Атырауда қайталанбас үшін жанымызды салуымыз керек. Дей тұрғанмен қазір осы өңірдегі үлкен компаниялар бар, техникасы бар. Жетекші орындар бар. Барлығы бірлесіп, жұдырықтай жұмылуы керек.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Негізгі айтқымыз келгені – елдің осындай қарқынды, жұмыла жұмыс істеуі. Қазақ қашанда осындай қиын-қыстауда апат, топан су келген кезде бірлігін сақтайды. Сондықтан халық жұмыла жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы, бұл жерде сасқалақтауға салынбау керек. Халықта үрей болмау керек.

Мәжіліс депутаттарының сапары ертең Құлсары қаласында жалғасады.  Қамсыздықтың қырсығынан баспаналарынан айырылған 3 мыңға тарта тұрғын халық қалаулыларын асыға күтіп отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.