Алматы облысында су бөгендерінің беріктігі тексеріледі

Алматы облысындағы «Бартоғай», «Күрті» және «Ворошилов» су бөгендерінің беріктігі тексеріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарының ауқымы тексеру қорытындысы шыққан соң белгілі болады. Өйткені бұл гидрологиялық нысандардың алды 1910 жылы салынған. Ал «Күрті» мен «Бартоғай» су қоймасы өткен ғасырдың екінші жартысында пайдалануға берілді. «Дегенмен өңірдегі егіс алқаптарына биыл су үздіксіз беріледі. Оған ешқандай кедергі жоқ», – деді Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев. Су орып кеткен «Ворошилов» бөгенін сараптамадан өткізу жұмыстары жақында қолға алынады. Өйткені қоймада қазір су жоқ. Ал «Күрті» мен «Бартоғайдың» беріктігін тексеру жұмыстары егіс алқаптарын суару жұмыстары аяқталған соң қолға алынады. 100 мың гектар егіс алқабына су жеткізуге арналған «Бартоғай» су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге 4 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазіргі таңда бұл су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалынуы керек. Оған қазіргі кезде сметалық жобалау құжаттарына қаражат бөлінді. Енді ары қарай сараптамалары бітіп, сол құжаттары дайын болғаннан кейін осы су қоймаға жөндеу жұмыстары жасалынады. Үлкен Алматы каналы, БАК дейміз, сол БАК-ке Бартоғай арқылы су барады. Ол жерде Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандарының шаруалары су алып отырған бұл – өзі сондай күрделі гидроқұрылғы.