Алматыда өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті

Мерзімді басылым заман талабына, өмір ағымына сай түрленуі керек. Салалық журналистиканы дамыту, халықтың оқу мәдениетін қалыптастыру да аса маңызды. Бұл мәселелер Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Алматыда өткен «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты ІІ республикалық форумда қаралды.

2 күндік форумға әр облыстағы ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 70-ке жуық медиа маман келді. Жиынның бірінші күнінде сараптамалық материал жазу, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны талқыланды. Бәсекеге төтеп берудің бірден-бір жолы – осы.   

Қамбар Ахметов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Бірден-бір жолы – ол контенттің сапасын көтеру. Енді ақпараттың жылдамдығымен әлеуметтік желіні басып оза алмайтыны белгілі. Сондықтан да сараптамалық, зерттеу бағытына ауысу керек дегенді осы бірнеше жылдан бері айтып, талқылап келе жатыр.

Журналистік ұстаханада шыңдалған Парламент депутаттары: «болашақты да бағамдау керек», – дейді. Газет пен журналдардың оқырманын көбейту үшін әуелі балалар басылымын дамыту қажет. Кішкентайынан газет оқу мәдениетіне үйренсе, болашақта оқырман ұрпақ қалыптасады деген пікірде.   

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұған мемлекет тарапынан үлкен маңыз берілу керек деп есептеймін. Өйткені мұндай мысалдар шет елдерде бар. Әсіресе, мен атап өттім, Францияда 18 жасқа дейінгі азаматтарына қалауына қарай жасөспірімдерге арналған жаздырту. Қазпоштаға субсидия бөлу арқылы тарату мәселесін жүзеге асырып отырмыз ба, енді сондай қаражатты бөлу арқылы балаларды оқуға тәрбиелеу.

Өңірлік басылымдардың өкілдері газет пен журналды шалғай ауылдарға жылдам жеткізу де маңызды екенін айтты. Сонымен қатар тілшілерді ынталандыру жайын қарастырса, – дейді.

Шынар Кендін, Маңғыстау облысы «Қарақия» аудандық газетінің бас редакторы:

- Жергілікті жердегі газеттерді ұстау үшін, мамандарды шақыру үшін жаңағы әлеуметтік мәселесін, үй мәселесін қараса. Айлығын көтерсе және жалпы журналистің мәртебесін көтеру жағы қолға алынса деген ұсынысым бар.

Елімізде 2 мыңнан аса мерзімді газет-журнал бар. Депутаттар: «мерзімді баспасөзге бизнес көзі деп емес, ақпараттық саясат, ұлттық идеологияны жүргізудің құралы ретінде қарау қажет», – дейді. Сондықтан өңірлік және балалар басылымына мемлекеттік қолдау керек.

Мейірлан Раханов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы:

- Осы форумда айтылған ұсыныстарды министрлік жұмысқа алып, алдағы уақытта шешу жолдарын бірге қарастыруға дайын. Қазіргі уақытта ұдайы негізде баспа басылымдарына қолдау көрсетіліп жатыр және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Форумда 5 панельдік сессия өтті. Отыздан аса медиа маманы тәжірибесімен бөлісті. Шара соңында 10 журналист «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 8 адамға министрдің құрмет грамотасы табысталды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов.