Павлодар облысында тасқын судан келген шығын өтеліп жатыр

Тасқын судан зардап шеккен Павлодар облысының тұрғындары өтемақы алып жатыр.

Бүгінгі күні 120 отбасының материалдық шығыны толық өтелді. Арнайы комиссия мемлекеттен берілетін кепілді көмек түріне өтінімдерді әлі де қабылдайды. Бұл жұмыс осы айдың соңына дейін жалғасады. 

Екі апта бұрын Успен ауданының шеткі үйлері еріген қар суының ортасында қалды. Әзима Арынова «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы қаладан қоныс аударған. Табиғи апаттан есін енді жиып жатыр. Айтуынша қас қағым сәтте лап қойған судың деңгейі 40 сантиметрден асыпты. Баспана әзірге  адам тұруға жарамайды. Дер кезінде көмек жеткенімен үйдің іші кеуіп үлгермеген. Едені көтеріліп, қабырғалары дымқыл тартып тұр. Отбасы туыстарының үйін уақытша паналап отыр.

Әзима Арынова, Успен ауылының тұрғыны:

- Бұл апатты енді, осындай жағдай болады деп кім біліпті. Дегенмен, барынша жедел жұмыстар атқарылып жатыр, ризамыз. Ел болып бұл қиындықтан шығамыз - деген ойдамыз. Басқа облыстармен салыстырғанда біздің жағдайымыз сәл-пәл жақсы - деп ойлаймыз енді.

Қызыл судан келген шығын өтеліп жатыр. Жуырда Әзима Арынованың жеке шотына 4 миллион теңге түсті. Дәл осындай жағдай Надежда Фоменканың да басынан өтті. Ол 40 жылдан бері аудан орталығында тұрады. Зейнеткер «тасқыннан келген апатты алғаш көруім» - дейді.

Надежда Фоменка, зейнеткер:

- Бір тәулік бойы үйден шыға алмай  қамалып отырдық. Судың деңгейі табалдырықтан асып жатты. Жертөле мен ас үйді басып кетті. Мұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмеппіз. Алапат тасқын қырдан келді.

Зейнеткер тасқын суға қарсы күресте Успен ауданы ұйымшылдық танытты дейді. Барлық күш бір арнаға тоғысыпты. Соның арқасында арық қазылып, су сорылып, бөгеттер жасалған.

Талғат Бешембаев, Успен ауданы әкімінің орынбасары:

- Судың салдарынан зардап шеккен бізде 41 отбасы болды. Оның ішінде көбірек су кіргені бар, аз су кірген үйлер бар. Жалпы барлық зардап шеккен отбасыларға қаржылай, бюджеттік емес ұйымдардан сонымен қатар аудандық, жергілікті атқарушы органның бюджетінен қаржылай толық көмек көрсетілді. Ешқандай бірде бір отбасы сыртта қалып қойған жоқ. Шамамен алған кезде 20 миллионнан астам қаржылай көмек көрсетілді.

Павлодар облысында тасқын судан зардап шеккендерге 97 миллион теңге өтемақы төленді. Қаржылай қолдауға 125 отбасы ие болды. Үйлері апатты деп танылған Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында 5 үйдің құрылысы басталды. Жаңа үйлер жоспарға сай шілде айында тапсырылуы тиіс. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков