Елде «Таза Қазақстан» акциясының ауқымы кең

Жұртшылық қала мен ауылды қоқыстан тазарту және көгалдандыруға бір кісідей атсалысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Президент бұл науқанның бірреттік шара емес екенін, тұрақты түрде өткізіп тұру керектігін еске салды. Әсіресе тасқыннан зардап шеккен аймақтарды қоқыстан және қираған үйінділерден тазарту қажеттігін айтып, тапсырма берді.

Қызылордада өнер ұжымдары экологиялық акцияға үн қосып жатыр. Олар алдымен көркемсурет галереясы маңайын қоқыстан тазалап шықты. Кейін 200 шақты көшет егіп, саябақтағы ағаш қорын молайта түсті. Шығармашыл жандар енді өңірдегі тарихи ескерткіш, кесене, мемориалдық кешен айналасын жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр.

Үміт Медеуова ҚР мәдениет қайраткері:

- Еліміз таза болса, жанымыз да, денімізде сау болады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», – дейді ғой. Сондықтан қуана-қуана кірістік бұл жұмысқа. Көркейген елде біздің де әніміз шарықтай беретіні сөзсіз.

Ал Қарағандыда сенбілікке жалпы 25 мыңдай адам шықты. Олар шаһардың шеткі аумақтарын да қоқыстан тазартты. Коммуналдық кәсіпорыннан 150 техника мен 200 жұмысшы жұмылдырылған. Игі бастаманың нәтижесінде қаладан 1,5 мың тонна қалдық шығарылып, полигонға төгілді.

Рахат Райымбеков, қала тұрғыны:

- Осы сенбілікке біздің қаламыздың жастары, волонтерлері атсалысып жатыр. Қоқыс өте көп. Біз оның барлығын жинап, полигонға апарамыз. Әркім өзінен бастаса, өзінің тұрып жатқан жерін тазаласа, біздің қаламыздың экологиясы да жақсы болушы еді.

«Таза Қазақстан» науқаны аясында тұтас елді көгалдандыруға мән берілуі керек. Президент Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және салдарын жою жөніндегі Республикалық штабтың отырысында тиісті тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген  сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек.

Президент пәрменінен кейін көгалдандыру жұмыстары жүйелі жолға қойылды. Табиғат жанашырлары мен тұрғындар да мұны жете түсініп, барынша атсалысып жатыр.

Авторы: Еркебұлан Смадияров.