Мәжіліс депутаттары Жылыой ауданындағы жағдаймен танысты

Мәжіліс депутаттары бүгін Жылыой ауданына барып, тасқыннан кейінгі жағдаймен танысты, деп хабарлайды 24KZ.

Тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жұртшылық несиені өтеу мерзімін кейінге шегеру, бағалау комиссиясының құрамына жергілікті тұрғындарды енгізу сияқты мәселелерді көтерді.

Жылыойда 3 мыңға жуық үй мен ғимарат суға кетті. Орталық стадион мен базарды да су шайды. Әзірге қалпына келтіру жұмыстарының қашанға созылатыны беймәлім. Ауданға келген депутаттарға тұрғындар өз ұсыныстары мен талаптарын жеткізді. Халық қалаулылары әр мәселе жеке қаралатынын айтты.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Барлығын да біз тізіп, тізбелеп жазып, барлығын да өзімізге түртіп алып жатырмыз. Енді Астанаға барған соң Құлсары мәселесі Қазақстан бойынша арнайы қаралуы керек деп есептеймін. Өйткені Құлсарының проблемасы жоғары, ерекше.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Комиссия құрылып жатыр ғой. Міндетті түрде бұл мәселені көтереміз. Тергеу жүріп қылмыстық іс қозғалуы керек деп ойлаймын. Біздің депутаттар келген соң бір бөгетті резонанс туғаннан кейін арнайы ашқан. Судң ағатын арналарын бітеп тастасаң, ол ауылға жайылмағанда қайтеді?!

Тұрғындарды экология мәселесі де алаңдатады. Тасқыннан кейінгі қауіп деңгейін анықтау үшін экологиялық комиссия құру маңызды. Халық қалаулылары айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Қазір білім беру мәселесі де өзекті. Жылыой ауданынан эвакуацияланған 29 мыңнан аса адамның 7 мыңға жуығы – бала. Олардың онлайн білім алуы үшін жағдай жасалуы керек, – дейді депутаттар.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Маңызды талаптың бірі – оқушылардың мәселесі өзім қойған. Оқушыларды емтихан мен сынақтан босату керек, –  дедім. Эвакуациялық орталықта толықтай онлайн түрде білім бағдарламасын меңгеру мүмкіндігі жоқ азаматтардың. Өйткені үлкені де, кіші де, балаң да, кәрің де, жасың да жатыр. Қай жерде оқисың оны?

Мәжіліс депутаттарымен кездескен тұрғындар табиғи апаттан келген шығынды бағалайтын комиссияға жергілікті белсенділердің қосылғанын жөн деп санайды. 

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елдің ішінде белсенді азаматтар бар екен. Соларды осы ертең зардап шеккендерге бағалайтын комиссия жұмыс жасаған кезде соның құрамына енгізсе екен деп отыр. Барлық мәселе, келетін қаржы, жұмсалатын мемлекеттің ақшасы, бәрі ашық болсын, ешқайда ұрланып кетпесін, жемқорлық болмасын, біз өзіміз аралассақ деген талап қойып отыр. Ол талаптың бәрі дұрыс деп есептейміз.

Жалпы қазір Жылыой ауданындағы жағдай тұрақталып, Құлсары қаласында су сору жұмыстары 2 ауысыммен жүріп жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Арман Ақшабаев.