Ғ. Бейсембаев тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі педагогтермен кездесті

Су тасқынынан зардап шеккен білім саласының қызметкерлеріне мемлекеттен көмек көрсетіледі.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі хабарлады. Ғани Бейсембаев Атырау және Маңғыстау облыстарындағы мектептердің жағдайымен танысты. Қазіргі уақытта аймақта 700 бала 9 білім беру ұйымына уақытша орналастырылған. Су тасқынына қарсы шараларға білім саласының 30 мыңға жуық қызметкері атсалысып жатыр. Оның 11 мыңнан астамы эвакуациялық пунктерде жұмыс істеп жүр.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Балалардың қауіпсіздігі де өте маңызды. Бүгін мен қосымша балалардың онлайн сабақтары қалай өтіп жатқандығы тұрғысынан қандай қиындықтар бар, қандай біздің тараптан қолдау қажет екендігін әкімшілікпен бірге ақылдасып, осы мәселелерді оңтайлы шешу бағытында біз біраз шаруларды талқыладық. Министрліктің үнемі оқушылар да, мұғалімдер де назарында болады. 

Толқын Ибрашева, «Оңай Шонаев атындағы орта мектебі» КММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Екі адымнан кейін біздің мектеп. Ол Жайықтың жағасында орналасқан. Ол мектеп – Оңай Шонаев атындағы орта мектеп. 50 жылдық тарихы бар. Бір жағынан, ол мектепте оқып жатқан 600 балаға, 100 қызметкерге пайдамыз тисін деп. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біргеміз, ел басына күн туғанда ауызбіршілігіміз осындайда көрінеді ғой.