Қонаевта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы тазартылды

Алматы облысының жастары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын қоқыстан тазартуға кірісті.

Бес бағытты қамтитын науқан бір айға созылады. Айрықша басымдық берілген бағыттың бірі, «Киелі мекен» апталығы. Себебі облыс аумағында мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Бүгін Қонаев қаласының іргесіндегі «Тамғалы тас» археологиялық кешені, Жамбыл ауданындағы Жамбыл Жабаев мұражайы мен «Таңбалы» қорық-мұражайы тазартылды. «Киелі мекен» шарасы «Талғар қалашығы» мен «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында да жүріп жатыр. Облыс бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық шарасына 500 мың адам тарту көзделген.

Аружан Оразова, Қонаев қаласының тұрғыны:

- Елдің тазалығы, киелі жерлердің ары қарай дамуы біздің қолымызда. Ең бастысы, өз тұрғындарымыз шашпай, өзіміз жинап, өзіміз ары қарай көркейтсек, бізге керек әрине. Шетелден қаншама азаматтар бұл жаққа келіп, кәдімгідей тамсанып қарайды.

Бибігүл Дәндіқарақызы, «Таңбалы» музей-қорығының директоры:

- Туристерге келетін, көрермендерге қолайлы қызмет көрсету үшін біз жаңағы өзіміздің туристерді қарсы алып алу сервисін жақсартуымыз қажет. Сол бағытта да осы мынау іс-шара өте маңызды болды және керек болып тұр еді осы тарихи орындарды көгалдандыру, безендіру мәселесі.