Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтті

Бишімбаевтың ісіне қатысты кезекті сот отырысында Нүкенованың бұған дейін жарияланбаған фотосуреттері көрсетілді.

Мұнда тағы да дене жарақаттары мен ісіктерді көруге болады. Осылай деген қорғаушы Жанна Оразбақова айғақты қаралып жатқан істің материалдарына қосуды сұрады.

Кезекті сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нүкенованың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған суреттерін көрсетті. Айтуынша, былтыр наурыздың 20-сы мен 24-і аралығында айыпталушы Бишімбаев пен Нүкенова Мальдив аралдарында болған. Нүкенова ағасы Айтбекке суреттерін жіберіп отырған.

Айтбек Амангелді, С. Нүкенованың ағасы:

- Суреттерді қарап отырып байқадық. Былтыр оларды Салтанат маған демалыста жүргенде жіберген. Мен оған аса мән бермеппін. Ол кезде қарындасыма «Бишімбаевтан кетіп қал» деп жүргенмін. Бірақ Салтанат өзінің бақытты екенін көрсеткісі келді. Кеше суреттерді дұрыстап қарасам, қарындасымның денесінен көгерген белгі мен ісік көрдім.

Бишімбаевтың бөлесі Бақытжан Байжановтан да кезекті жауап алынды. Айтуынша, тергеу изоляторында жатқанда Бауыржан Мусин есімді азамат бірнеше рет келіп, оған қысым жасаған. Нүкенованың туыстарына қарсы қоюға тырысқан. Байжанов Мусинді мүлде танымайтынын айтты. 

Ғазиз Ынтықбаев, Б. Байжановтың адвокаты:

- Айыпталушы тек адвокатпен және тергеушімен ғана кездесе алады. Басқа ешкімнің оған келуге құқығы жоқ. Яғни бұл жерде процессуалды нормалар бұзылды деп айта аламыз.

Ал Бишімбаев болса бөлесінің өзін бопсалады деп отыр. Сөзінше, одан Байжанов пәтер алып беруді талап еткен. Әйткенде Бишімбаевқа тиесілі құжаттарды қайтармайтынын жеткізген.

Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:

- Байжанов осы уақытқа дейін менің қаржылық құжаттарымды қайтармайтынын айтып, бопсалап келеді. Менің анам белгілі бір тұрғын үйге инвестиция салған. Бұрын Байжанов сол компанияда жұмыс істеген соң, одан көмек сұрап, құжаттарды тапсырған едім. Ал ол қайтарғысы жоқ. Соңғы 5 ай бойы мені бопсалап келеді. Яғни істен, оқиға болған күні менің жеке бөлмеде болғанымды алып таста дейді. Сонда ғана құжатыңды қайтарамын деп отыр.

Судья тағылып жатқан айыптарды «негізсіз» санап, оны назарға алмады. Сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов бір сұрақты бірнеше рет қойып, судьяның сөзін бөле бергені үшін тәртібі қаралды. Судья оған жеке ұйғарым шығарды. Енді ол адвокаттар алқасына жолданып, 1 ай ішінде қаралуы тиіс.

Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев