Жамбыл облысында ауру малдың еті сатылды

Жамбыл облысында ауру малдың етін базарда сатқандар анықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Сонымен қоса өңірде рұқсаты жоқ 2 цех, 5 жыл бойы төрт түліктің етін сатып келген. Облыстық табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері талапқа сай келмейтін мұндай орындар ауру ошағы болуы мүмкін екенін айтады. Мәселен, былтыр аймақтың 19 тұрғыны сібір жарасын жұқтырған. Ветеринария саласына тексеріс жүргізудің нәтижесінде 1 мың 400-ге жуық түліктің неден өлгені анықталмаған. Оған қоса Жуалы ауданында 500 бас ірі қара лейкозбен ауырса да, елді мекен карантинге жабылмаған. Қазір жауаптылар жазаланып, қызметтік тексеріс басталды.

Жалпы облыстағы эпизоотиялық ахуалды жақсартуға соңғы 3 жылда 6,8 миллиард теңге бөлінген. Бірақ нәтиже бөлінген қаржыға сай емес, – дейді прокуратура өкілдері.

Сағынтай Айтжанов, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары:

- Жалпы тексеріс нәтижесімен 5 тұлғаға қатысты әкімшілік жауапкершілік шарасы қолданылып, 10-нан аса лауазымды тұлғалар тәртіпті жауапкершілікке тартылды. Ветеринарлық бақылау комитетіне прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, зертханалық лаборотория басшысына сөгіс жарияланып, қазіргі таңда ветеринариялық инспекциясы басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.