Қарағанды облысында есірткі саудасына қатысты шаралар күшейтілді

Қарағанды облысында жыл басынан бері есірткі заттары мен құралдарын жарнамалау, сату бойынша 78 интернет-ресурс бұғатталды, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе әлеуметтік желі арқылы жастарды нашақорлыққа, есірткі саудасына тарту белең алып барады. Мысалы, өткен жылы кәмелет жасқа толмаған 6 баланының осындай қылмысқа қатысы анықталса, биыл алғашқы тоқсанның өзінде 3 дерек тіркелген. Сол себепті полиция профилактикалық шараларды күшейтті. Өңірдегі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында 200-ден астам алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Егер оқу орындарында есірткі саудалау қылмысы анықталса, кінәлі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал жарнамалау, насихаттау әрекеттері үшін 3-тен 6 жылға дейінгі жаза қарастырылған.

Данияр Жақұдаев, облыстық ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы:

- Әр балада қазір телефон бар. Олар әлеуметтік желіге кез келген уақытта кіре алады. Ал енді есірткі сатушыларға келетін болсақ, олар түрлі жұмыстар ұсынады. Курьер, жеткізуші сияқты жұмыстарды. Балаларыңыздың әрқашан да сөмкесін, портфельдерін, телефондарын тексеру керек. Оған тиесілі емес ақшалай көп қаражат табылған жағдайда ата-аналар күдік туғызуы керек.