Су тасқыны: 34 мыңнан астам маман тәулік бойы жұмыс істеп жатыр

Ел Үкіметі су тасқынымен күресті күшейтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Авариялық-құтқару жұмыстарына төтеншеліктермен бірге әскерилер де жұмылдырылды. 34 мыңнан астам маман, 4 мыңнан аса техника, 890 сорғы және 335 жүзу құралы тәулік бойы қалтқысыз жұмыс істеп жатыр. Оларға көктен 19 әуе кемесі көмектеседі. Өзге өңірлер де қол ұшын созып, қосымша 500-ден астам техника жіберді. Олар межелі жерге 2 тәулік ішінде жетеді. Қазір бөгеттер салынып, еріген қар суын шығару жалғасып жатыр. Сондай-ақ инертті материал салынған қапшықтар төселді. Өзендер мен су қоймаларындағы жағдайға да тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр.