Абай облысында тасқыннан келген шығын есептеліп жатыр

Абай облысының жол қызметкерлері тасқыннан келген шығынды алдын ала есептеуге кірісті, деп хабарлайды 24KZ.

Аягөз және Ақсуат ауданындағы 2 көпірді су шайып кеткен еді. Жалпы облыстық маңызы бар жолдарды су шаюдың 29 жағдайы тіркелді. Жол жиегін, су өткізу құбырларын, жол белгілерін қалыпқа келтіру үшін облыстық бюджеттен 305 миллион теңге бөлінеді. Ал Ақсуат ауданындағы көпірді жөндеу үшін 650 миллионға жуық қаражат қажет.

Асылбек Нұғманов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бізде су тасқыны негізі наурыз, сәуір айында өтеді. Қарғын су жол мен көпірлерге зақым келтірген болатын. Облыстық маңызы бар жолдардың екі шақырымын су шайып кетті. Қазіргі уақытта жолдар қалыпқа келтіріліп, қатынас реттелген. Қазір жолдардың қалыпқа келтіру мүмкін емес жерлерінде су деңгейінің төмендеуін күтеміз. Ол жерлерде айналма жолдар қарастырылған.