Талдықорғанда сенбілікке 10 мыңға жуық адам қатысты

Биыл қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл. Талдықорғандағы «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы  Алаш арысының ескерткішін тазалаудан басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Білім беру саласының мамандары мен коммуналдық мекеме жұмысшылары аллея аумағын тазалап, мүсінді сүртіп, тастұғырын бояды. Жерді қопсытып, гүл егетін орын әзірледі. Тазалық жұмыстары өңірдегі Шоқан Уәлиханов, Әбілхан Қастеев, Мұхамеджан Тынышбаев, Абай Құнанбайұлы, Қабанбай батыр, Дінмұхамед Қонаев сынды біртуар тұлғалардың ескерткіштерінде де жүргізілді. Оған қоғамдық ұйымдар, экобелсенділер және мемлекеттік мекемелерден 10 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Зейнет жасындағы аға буын өкілдері де қатысты. Семей және Чернобыль апатының зардабын жоюға атсалысқан жауынгерлер монумент маңын абаттандырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетті.

Мұстафа Дәуітұлы, облыстық Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Еліміз тазалыққа ұмтылған халық қой. Діні де тазалыққа шақырады. Үлкендер қашанда болса үйін де, тұрған мекенін де таза ұстаған. Кие деген тазалықты білдіретін сөз ғой. Сондықтан бұл жақсы іс шара.

Ғалымжан Оспанов, Жетісу облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының директоры:

- Облыс бойынша бізде 226 ескерткіш болса, Талдықорған қаласында 26 ескерткіш бар. Бүгінгі күні жоспарлы тапсырма бойынша барлық ескерткіштерге сенбілік тазалау жұмыстары жүргізілді.