ШҚО-дағы елді мекендер орталық су жүйесімен толық қамтылады

Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендер биыл түгелдей орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылады.

Соның ішінде 6 ауылға су құбыры жаңадан салынады. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан астам уақыт өткен 12 учаскеде апатты жағдайдағы жүйелер ауыстырылады. Бұл мақсатқа 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары күрделі жер бедеріне жататын аудандарда жүргізіледі. Қатон-Қарағай, Ұлан және Шемонайха аудандарында аталған жұмыстар басталып та кетті. Ондағы тұрғындардан ауыз су мәселесіне қатысты арыз-шағым жиі түсетін. Сонымен қатар еліміздің 8 өңірінде республикалық ауқымдағы 30-дан астам жобаның жүзеге асып жатқанын да айта кетейік. Бұл жұмыстар аяқталған соң 450 мың абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Рауан Тұрсынбек, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Ауыз су құбырларын тарту және үнемдеуге байланысты маңызды жобалар Алтай ауданындағы Малеевск, Путинцево ауылдары мен Шемонаиха ауданындағы тағы бір елді мекенде жүзеге асып жатыр. Онда бұрын құбыр тартылмаған. Тұрғындар осы уақытқа дейін құдық суын пайдаланып келді.