Маңғыстау облысындағы туристік орындарда сенбілік өтті

Маңғыстау облысының Шерқала тауы, Ыбықты және Ақмыш сайы секілді туристік орындарда сенбілік өтті.

Әсем табиғат аясын күл-қоқыстан тазарту үшін Ақтаудан еріктілер тобы арнайы барды. Бірер сағат ішінде студенттер елуден аса қапшықты бос бөтелке, консерві қалбырлары және тағам қалдықтарымен толтырды. «Жерлестерімізді өлкеміздің визит картасы саналатын көрікті жерлерін таза ұстауға шақырамыз», - дейді волонтерлер. Айта кетейік, аймақта 6 сәуірде басталған тазалық акциясы 11 мамырда аяқталады. 

Айдана Мұратбай, ерікті:

- Осы табиғаттағы қоқыстың көптігі мені қатты алаңдатады. Сол үшін мұны шешудің жолдарын ұсынатын болсақ, мына жаққа мысалы күзетшілерді қоюға, күнделікті апта сайын 1-2 адам келіп қарап тұрса осы жердің тазалығын. Себебі бұл жерді ластай берсек өзімізге жақсы болмайды. Таза ұстауды өзімізден бастағанымыз жөн.