БҚО-да жағалауды күшейту жұмыстары жүргізілуде

Батыс Қазақстан облысында жағалауды күшейту жұмыстары қарқын алды.

Орал қаласында бүгін таңмен дария деңгейі 779 сантиметрге жетсе, Ресеймен шекаралас Жарсуат ауылында су 10 метрден асқан. Мұнда қауіпті меже 945 сантиметр саналады. Бөрлі ауданының өзен бойында орналасқан 9 ауылда 8 жарым мың тұрғын бар. Аудан бойынша 10 шақырымға жуық бөгет салынып, 70 техника тартылды. Жағалауды қорғау жұмыстарына волонтерлермен қатар маңғыстаулық және қызылордалық сарбаздар жұмылдырылған. Жалпы облыс бойынша Жайықтың жағасында орналасқан 84 елді мекенге қауіп бар.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Яғни бізде Жайық өзені бойында орналасқан барлық елді мекендер мен қала бойынша қауіп сейілген жоқ. Біз дамбаларды көтере береміз. Біздің мақсатымыз тұрғындардың өмірі. Біз қазір қауіпті елді мекендердің бәрінде  эвакуация жүргіздік. Қауіпсіз жерлерге малдарды шоғырландырып, бағуды ұйымдастырдық. Үлкен кісілер, әйел адамдар, ауру адамдар, екіқабат әйелдер болса, оларды бірінші кезекте эвакуациялауды тапсырған болатынбыз.