2 мыңдай қазақстандық ШҚО-дағы қонақүйлерге орналастырылады

Су тасқынынан зардап шеккен 2 мыңдай қазақстандық ел шығысына уақытша қоныстанады, деп хабарлайды 24KZ.

Олар үшін қонақүйлер мен демалыс үйлері әзірленіп жатыр. Оқушыларды орналастыру жайы да қарастырылу үстінде. Жергілікті билік тынығу лагерьлеріне бөлінген квотаны арттыруды жоспарлап отыр. 19 сауықтыру орталығы Атырау, Қостанай, Ақмола және Маңғыстау облыстарынан келген балаларды қабылдауға дайын. Өңірдегі жатақхана мен интернаттарға орналастырылған 4739 оқушыға психологиялық кеңес беріліп жатыр. 

Инесса Чернышова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Біз балалардың жайлы орналасып, жазғы демалысын мәнді өткізуін ұйымдастыруымыз керек. Лагерьлерге қосымша жұмысшылар қабылдап жатырмыз. Өңірдің табиғаты керемет және демалыс орталықтары заманауи жабдықталған. Сондықтан балалардың жаңа оқу жылына даярлығын жоғары деңгейде өткіземіз деген ойдамыз.