Жайықтың жағасын биіктету жұмыстары қыза түсті

Атырауда Жайық өзенінің жағасын биіктету жұмыстары қыза түсті. Бұл іске «AMANAT» партиясының мүшелері де атсалысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қала іргесіндегі Еркінқала ауылында жұмысшылар 5 учаскеге бөлінген. Жаға бекітуге 200-дей ауыл тұрғыны қосылды. Тасқынмен күрес күндіз-түні жүргізіліп жатыр. Кеше көмекке 50 сарбаз келді. Бұл учаскелерде тасқынға қарсы ауылды айналдыра ұзындығы 8 шақырымдық дамбы соғылуы тиіс. Қазір биіктігі 6 метрге жуық бөгеттің 60%-і тұрғызылған. Енді оның іргесі құм толтырылған қапшықтармен бекітіле бастады. 

Абдолла Ідірсов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы:

- Аяқтау мерзімі осы айдың 20-на дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ та аяқтағанымызбен де, біз бұл жерден судың беті қайтқанша кетпейміз. Осы жердеміз. Техникаларымызды да осы жерге ұстап отырамыз. Егер де қатты су келген уақытта осы жерде күндіз-түні кезекшілікке тұрып, шұғыл түрде бөгеттерді көтеруге жұмыстанатын боламыз.