«Таза Қазақстан» әр аула, әр ауылдан басталады

Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы  бүкіл елді жұмылдырған ерекше бастамаға айналды.

Қоршаған ортаға, туған өлкеге деген сүйіспеншілік шалғайдағы ел-жұрттың басын біріктірді. Мәселен Абай облысы Көкпекті ауданы, Көкжайық ауылының тұрғындары тазалық акциясына жаппай ат салысты. «Құтты мекенге деген құрмет осылай  болса керек», - дейді олар.

Көкжайық - Көкпекті ауданындағы бірлігі жарасқан, түтіні түзу,тірлігі қызу  ауыл. Мыңға жуық адам тұрады. Президент тапсырамсымен басталған «Таза Қазақстан» акциясына  осы аядай  елдімекен тұрғындары тайлы-таяғы қалмай қатысты. Саябақтар мен алаңдар, көшелер мұнтаздай болды. Еңбекке жұмылған ел-жұртқа қариялар да риза.

Жұмабек Мейірманов, Көкжайық ауылы ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

- Болашақ жастардыкы ғой,бәріміз де жас болғанбыз,бәріміз де осындай іске қатысқанбыз.Мына жастардың істеп жатқан жұмыстарына қарап өзіміз  қуанып тұрмыз.Болашақта да,осы эстафетаны қолдарынан түсірмейді деп ойлаймын.

Ринат Құмарбеков еркін күрестен жаттықтырушы. Бүгін шаршы алаңды тастап, өзі шынықтырып жүрген жастармен бірге саябаққа келді. «Жеткіншектерді спортқа ғана емес, тазалық пен жауапкершілікке баулу да маңызды»,- дейді ол.

Ринат Құмарбеков, жаттықтырушы:

- Еңбектеген баладан таяқ ұстаған аталарымызға дейін жүр,ақсақалдарымызға дейін.Осындай акция ұйымдастырылып отырғаны өте керемет,жан жақтан кеп көмектесіп жатыр,қаншама техника жүр ауылда.

Серікбол Мұратұлы, оқушы:

- Кластастарымызбен кеп осы саябақты тазалап жүрміз. Біздің ауылға көптеген туристер келеді сондықтан біз өзіміздің ауылды көрсету үшін осындай акцияға қатысып жатырмыз.

Тазалық апталығына әр аула, әр отбасы қуана қатысты. Ауыл шетіне кірген тасқынның да ізі қалған жоқ. Жалпы экологиялық шара басталғалы бері 200 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов