Атбасар қаласында тасқын қаупі сейілді

Жабай өзеніндегі су деңгейі үш метрге дейін төмендеген.

Қазір аудан орталығында, шығын көлемі есептеліп, қираған жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Атбасардағы тасқынмен күреске Жамбыл облысы мен Шымкенттен келген құтқарушылар мен дәрігерлер де атсалысты. Олар күн-түн демей екі апта бойы мінсіз қызмет атқарды. Қазір шағын шаһардағы жағдай тұрақталды. Енді сырттан келген мамандар үйлеріне қайтады.

Шымкенттен келген құтқарушы Роман Письменский алдымен Аршалы ауданындағы тасқын шараларына қатысқан. Кейін Көкшетаудағы қызыл суды тоқтатып, Атбасар қаласына келеді. Ол Жабай өзенінің бойындағы бөгетті нығайту мен су астында қалған үйлерден адамдарды іздестіру жұмыстарына атсалысады.

Роман Письменский, Шымкент қаласы мамандандырылған жасақ бастығының көмекшісі:

- Шымкенттен шығып жатқан кезде ауа райы жылы еді. Осы жаққа келгенде барлық жылы киімдерімізді шығарып, қайта қысқа келдік. Акклиматизация болды екі үш күн. Соның өзінде күні-түні 8 сағаттан жұмыс істеп, жұмыс атқардық.  Жергілікті халық бізді жақсы күтіп алды.

Құтқарушылармен қатар оңтүстіктен медицина мамандары да келген. Олар бірінші кезекте төтенше жағдай қызметкерлерінің денсаулығына жауапты. Сондай-ақ, қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға да алғашқы көмек көрсетуге тура келіпті. 

Алмас Шыншер, апаттар медициналық орталығының Жамбыл облыстық филиалының дәрігері:

- Мұнда су басқан ауыл болды. Содан эвакуацияланған 38 аптадағы екі қабат әйелді ауруханаға жеткіздік. Сондай-ақ, құтқарушыларда белшеден суға батып жүр ғой. Солардың суықтап қалмауына тиісті ем-шара қолдандық.

Ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілердің де еңбегі ерен. Табиғи апаттың алдын-алуда олар да қолдарынан келгенін аянып қалмады.

Кәрім Мақсұтбек, 5510 әскери бөлімінің сарбазы:

- Бұл әрбір сарбаздың бойындағы міндет, парызы. Осылай әрдайым өзімізді бірлікте ұстап, алға қарай дами береміз. Бұл жерде біз өз бірлігімізді көрсеттік.

«Дәл осы мамандардың арқасында аймақтағы тасқын қаупі сейілді. Сондықтан алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді»,-тұрғындар.

Екатерина Матрос, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Мен барша қала тұрғындарының атынан тасқынға тосқын болған сала мамандарына алғысымды айтамын. Осындай жүйелі жұмыс пен біріккен күштін арқасында ғана табиғи апатты жеңіп шықтық.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Бізде 94 елді мекенге қауіп болды. Сол ауылдарда зардабын азайтып, су басуға мүмкіндік бермейтін жұмыс жасалды. 45 шақырым қорғаныс бөгеті құрылды. 300 мыңнан астам инертті материалмен толтырылған қапшықтармен жабдықтадық.

Аймақтағы жағдай тұрақталғанымен, ақмолалық құтқарушылардың жұмысы аяқталған жоқ. Енді олар көршілес Солтүстік Қазақстан облысына көмекке атанады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко