Сайрам ауданында жеті бірдей ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартты

Түркістан облысының Сайрам ауданында жеті бірдей ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартты.

«Мұндай жағдай аудан аумағында бұрын-соңды болған емес. Қазір жеті ауылдағы 30 дүкеннің бірде-бірінен алкогольді ішімдік сатылмайды. Бұл ұйғарымға келу ең дұрыс шешім болды»,- дейді ауыл ақсақалдары.

Ішімдіктен бас тартқан бірен-саран ауылдар бар. Бірақ, бір ауылдық округке қарайтын жеті елдімекеннің бірден алкогольді сусынға шек қоюы өңірде алғаш рет болып отыр. Қайнар бұлақ округіне қарасты 7 ауыл түгел бір шешімге келген. Олар Таскешу, Әсіларық, Қасымбек датқа, Тоған, Шіркін, Ошақты және Құрлық ауылдары. Ауыл ақсақалдары жыл басында дүкендерді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Рамазан айында бәрі нәтиже шығарып, спирттік ішімдікті сатуға тыйым салыпты.

Мықтыбек Нұрманбетов, Қасымбек датқа ауылының биі:

- Осы ауылдардың барлығын аралап, меморандумға қол қойылды. Содан бері ішімдік сатып жатқан жоқ. Ораза айы да өтті. Қазір қай дүкенге барсаңызда бізде Қасымбек датқа да үш дүкен бар, қалған жеті ауылда ішімдік сатылмайды. Отбасындағы жалжалдың бәрі осы ішімдіктің кесірінен болып жатыр ғой. Осы бастаманы ағайындар болып қолдап, осындай шешімге келіп отырған жағдайымыз бар.

Қайнар бұлақ округіне қарасты жеті ауылда 30 дүкен бар. Қазір ешбірінде ащы су сатылмайды. Шіркін ауылының тұрғыны Гүлзабира Құрманалиева ширек ғасырдан бері саудамен айналысады. Дүкенші ішімдіксіз саудада береке бар екенін айтады.

Гүлзабира Құрманалиева, кәсіпкер: 

- Арақ-шарап сатпаймыз, берекеміз кіріп, ауылдың сәні кіріп қалды. Бұрын ұрыс-керіс болушы еді, қазір тынышпыз, құдайға шүкір. Келген тұтынушыларымыз да риза. Бәрі жақсы.

Қайнар бұлақ ауылдық округінде 11 мың халық бар. Әр ауылда екі мыңнан астам адам тұрады. Ауыл ақсақалдары «Ішімдіксіз ауыл» жобасы ауданымызда оң нәтиже беріп жатқанын бірден байқауға болады дейді. Ал тәртіп сақшылары ауылда ішімдік сатылмағандықтан ұрлық-қарлық та сап тыйылғанын, әсіресе тұрмыстық кикілжіңдердің азайғанын алға тартып отыр. 

Бегімхан Ахметов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары:

- Себебі қылмыс азаюда, қылмыс болғанда да отбасында орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылық пен көшеде орын алатын қылмыстар қатары азайды. Бұрынғыдай емес қазіргі таңда халық та біледі, қылмыстардың басым бөлігі спирттік ішімдіктің кесірінен орын алатынын. «Арақсыз ауыл» жобасын дамыту бойынша бүгінде полиция, ауыл тұрғындары мен әкімдік бірлесе жұмыстар атқаруда.

Бұл іске ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерден бөлек, учаскелік полиция инспекторының да қосқан үлесі зор. Себебі олар тұрғындар мен дүкен иелеріне жеке-жеке түсіндірме жұмыс жүргізіп келеді. Бұған дейін облыстағы Ордабасы ауданында 5 ауылдың ішімдіктен бас тартқаны туралы  айтқанбыз. Жалпы еліміз бойынша бүгінге дейін 97 ауыл тұрғындары өз еркімен ішімдіктен бас тартқан. Соның нәтижесінде кейбір елдімекенде тіпті соңғы 3 жылда бірде-бір рет қылмыс тіркелмепті.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш