«Халық батырлары» журналының тұсауы кесілді

Астанада «Халық батырлары» атты жаңа журналдың тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24KZ.

Патриотизмді насихаттайтын басылымда ерлігімен, батылдығымен танылған тұлғалардың есімі енген. Онда тарихи тұлғалардан бастап бейбіт күннің батырларына дейін бар. Әзірге 100 тиражбен шыққан журнал 3 айда бір рет жарық көреді. Ал келер жылдан бастап ай сайын шығару жоспарланып отыр. Басылым Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың бастамасымен жарыққа шықты.

Бақытжан Ертаев, Халық қаһарманы:

- Армандап жүрген мақсатыма жеткендеймін. Ол – патриоттық тәрбие журналы. Егемендік Қазақстан батырларының журналы. Оны менің армандағаныма талай жыл болды. Анада мен Президентке барғанда ол кісі бір деген сөзінен болашақ туралы айтты. Жастар, болашақ, идеология. Болашаққа жол ашуымыз керек. Міне, сол арманымды айттым. Міне, сол арманыма жеткендеймін.

Сауытбек Махамбетов, «Халық батырлары» журналының бас редакторы:

- Тек батырлар, қаһармандарды емес, халықтың ортасындағы, жастардың ішіндегі болмаса басқа қызметте жүрген адамдарды, солардың еңбегін, тәжірибесін көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа көрсету еді негізгі ойымыз.