Су тасқыны: БҚО-дағы ахуал

Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысы мен Орал қаласында тасқын қаупі сейілгенімен, төменгі жақта Жайық енді тасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін жайылған су Барбастау-Ақжайық-Индер жолының 115 шақырымын жырып кетті. Облыстық автомобиль жолдары басқармасы Көнеккеткен және Қамыстыкөл ауылдары арасындағы учаскеге кезекшілік қойды. Қазір автокөліктер далалық жолмен айналып өтіп жатыр. Сондай-ақ тасыған су қаладан 95 шақырым жердегі Ақсоғым ауылына кіреберіс жолды да шайып кеткен.

Бекжан Тоғжанов, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Сонымен қатар Ақсоғым ауылына кіреберіс жолды Жайық көтерілуіне байланысты жырып кетті. Ол жерге қазір көлік қатынасы жоқ. Дәрі-дәрмек және азық-түліктерді қайықтармен жеткізіп жатыр халыққа. Ол жерді су тоқтағаннан кейін қалпына келтіреді.