Баянауыл ауданында спорт кешені салынып жатыр

Баянауыл ауданының орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мұндай әлеуметтік маңызды жобаны аудан халқы ұзақ жыл күткен еді. Өйткені бұқаралық спортты дамытып, халықты салауатты өмір салтына баулитын мүмкіндік болмай келді. Осы олқылықтың орнын толтыратын спорт кешеніне Баянауылға кіре берістен жер таңдалыпты. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жобалық құны 2 миллиард 650 млн теңге болатын кешенде 25 метрлік бассейн, волейбол, баскетбол және шағын футбол, бокс пен күреске арналған үлкен жаттығу залдары болады. Құрылыс алаңының жалпы аумағы 2 гектарды алып жатыр. Мердігерлер нысанды жыл аяғына қарай халық игілігіне тапсыруды көздеп отыр.

Ерсұлтан Мүбәраков, мердігер компания директорының орынбасары:

- Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың қарашасына келеді. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Мерзімінде тапсыруды жоспарлап отырмыз.