Алматы облысында «Өз ағашыңды өсір» акциясы өтті

Алматы облысындағы 350 мектепте «Өз ағашыңды өсір» акциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Бір мезгілде 450 мыңға жуық оқушы қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында арнайы құтыларға шырша тұқымын екті.  Жамбыл ауданындағы Ұзынағашта орналасқан №1 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі өзге аудандардағы мектептермен онлайн байланысқа шығып, шырша тұқымын егу және оны күтіп-баптау тәсілі бойынша шеберлік сағатын өткізді. Облыс орталығынан келген меймандар 100 түп раушан гүлінің көшетін ала келіпті. Сыйға берілген гүл көшеттері мектеп-лицей ауласына егілді.

Кәусар Темірхан, оқушы:

- Табиғат – біздің бәріміздің қорғаушымыз. Осы экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында біздің Қазақстанымызда қазір «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Оған барлық өңірлер белсене қатысып, түрлі игі істер атқарылып жатыр. Олардың арасында біздің мектеп те бар. Әрбір егілген ағаш, өскен өсімдік біздің адамзат үшін өте пайдалы.

Данил Райымбеков, оқушы:

- Жер тоңы жібіп, көк дүркірей бастаған кезде шыбық қадап, тал егу ол сауапты іс деп аталынады. Соған байланысты біз қазіргі таңда шыршаның тұқымдарын алып отырғыздық. Сонымен қатар бағана гүл тұқымын отырғыздық. Осылардың барлығы біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан қоршаған ортамызды қорғау мәселесі бойынша экологиялық проблемаларды шешу мақсатында қолданылған акция деп ойлаймын.