Сыр өңірінде «Жасыл аймақ» апталығы басталды

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Сыр өңірінде «Жасыл аймақ» экологиялық науқаны басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Сырбойылық мәдениет, білім, спорт саласының қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәліз бойын қоқыстан тазалап жатыр. Арам шөбі жұлынып, тыңайтылған аумаққа тал егіледі. Сонымен қатар ауылдардың кіріс-шығыс жолдары да абаттандырылу үстінде. Кез келген өңірдің табысты дамуының кепілі тазалық пен тәртіп екенін жете түйсінетін тұрғындар туған өлкені жасыл аймаққа айналдыруға білек сыбана кіріскен. 

Нұрболат Бақыт, Ақсуат ауылдық округінің әкімі:

- Шіркейлі каналынан маусымдық аяқсумен қамту бағытында сорғымыз бар. 10 күн ішінде бұл жердегі де, Иманбердиев, Найзабаев көшесіне еккен талдарымыз толығымен аяқсумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда еккен талдарымызды қоршау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл – ауыл жастарының ауылға деген жанашырлығы мен демеушілігінің арқасында жасалып жатқан жұмыстар.

Наурызбай Орынбасаров, жастар ресурстық орталығының директоры:

- Жастардың өзі 2 мыңнан аса ағаш егіп үлгерді. Әлі алда «Мөлдір бұлақ», «Су жағалауын тазалау» апталығы бар. Бізде 25 ауылдық округ бар. Сол жақта белсенді жастар топтары құрылған. Олар да тазалық акцияларына үн қосып жатыр.