Қарағандыда вандалдар аялдамалар мен үйлердің қабырғасын бояп кеткен

Қарағандыда түнде вандалдар Абай көшесіндегі аялдамалар мен үйлердің қабырғасын бояп кеткен.

Тіпті қала тарихына қатысты архитектуралық ескерткішті де, шимайлап тастапты. Бұзақылар барлық жерге бірдей түсініксіз бейнені салған. Бұл тұрғындардың наразылығын тудыруда. Қазір жұрт әлеуметтік желіде бұл бейненің қандай мағына беретінін талқылап әлек. Ал полиция қызметкерлері көшедегі бейнекамералар арқылы күдіктіні анықтауға кірісті.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Абай көшесіндегі үйлердің қабырғаларына және аялдамаларға сурет салу фактісі полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторларымен аталған жазуларды жазған күдікті азаматтарды іздеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Егер олар ұсталған жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы, яғни қаланы абаттандыруды бүлдіру бабына сәйкес оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.