Инклюзивті білім берудің жаңа моделі енгізілмек
1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім беру, кадрлар даярлау және қолдау қызметтерін күшейтудің жаңа моделі енгізілмек.
Себебі елде логопед, сурдолог және реабилитолог маман тапшы. Осы орайда, үкімет басшысы министрлер кабинетіне бірқатар тапсырма берді. Мәселен, мұғалімдер даярлығын күшейтіп, психологиялық-педагогикалық көмектің қолжетімділігін кеңейту қажет. Сонымен бірге премьер-министр үкімет отырысында ерекше қажеттілігі бар балаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Себебі психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды түгел кешенді тексеруден өткізіп үлгере алмай жатыр. Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетеді. Сондай-ақ мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Сондықтан Олжас Бектенов оқу-ағарту министрлігіне мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде өткізуді тапсырды.