4 млн қоңырау: Алматыда ірі телефон алаяқтық желісі тоқтатылды

Фото:ҰҚК

ҰҚК прокуратура органдарының үйлестіруімен Алматы қаласында телефон алаяқтығына қатысы бар қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер байланыс операторларының бақылауын айналып өтіп, шетелден қазақстандық абоненттерге халықаралық қоңыраулар шалу үшін заңсыз жүйе құрған. Олар бөгде заңды тұлғалардың атына виртуалды телефон станцияларын тіркеп, жергілікті мобильді нөмірлерді пайдаланған және арнайы бағдарламалық қамтылым қолданған.

Аталған схема арқылы 4 миллионнан астам қоңырау шалынып, байланыс операторларына келтірілген шығын 15 миллион теңгеден асқан.

Тінту барысында техникалық құрылғылар мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.